Бүгін, яғни 25.11.2023ж #72 мектеп-лицейде "Ата-аналарды қолдау" орталығының жұмысы аясында "Ашық есік " өткізілді. Мақсаты: ұлттық құндылықтарды дәріптеу негізінде ата - аналармен тәлім - тәрбиені нығайту. "Бұлақ көрсең, көзін аш" тақырыбында 6 аймақ бойынша жұмыс жүргізілді.1 аймақта "Отбасы құндылығы-сарқылмас қазына" тақырыбында ұйымдастырылған QTalks аймағында ой бөліскен Айтыс ақыны, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, Құрмет орденінің иегері Надежда Андреевна Лушникова қонақта болып, ата-аналармен ой бөлісіп, сыр шертісті. «Ел есінде бір жыл қалғың келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе - бала тәрбиеле» деген екен дана халқымыз. Бала тәрбиесі, отбасы ұйытқысы туралы айтылған ақынның маржан сөздері біздің есімізде мәңгі қалмақ.
2-ші аймақта «Бала - ата-ана айнасы» тақырыбында психолог пен әлеуметтік педагогтердің ұйымдастыруымен ата-аналармен тренинг өткізілді. Тренинг барысында ата-аналардың өзара қарым-қатынасын жақсарту, отбасындағы қарым-қатынасты үйлесімді ету, жағымды көңіл күй тудыру, өзара қолдау және сенімділік атмосферасын қалыптастыру сияқты мәселелер көтерілді.
3 аймақта «Дені саудың - тәні сау» дегендей "Әке-тәрбие тамыры" тақырыбында мектебіміздің «Әкелер кеңесі» мен дене шынықтыру мұғалімдері ұлттық ойындарымызды дәріптеп жарыс өткізді.
4-ші аймақ «Қыз тәрбиесі - ұлт тәрбиесі» тақырыбындағы аналар мектебі мен жеңгелер мектебінің қатысуымен өткізілді. Бұл аймақта ата-аналар мен мұғалімдер отбасындағы ұлттық тәрбие арқылы өз ұлтының дәстүрін бала бойына қалыптастырудағы тәжірибемен пікір алмасты.
5-ші аймақта «Атасыз үй - батасыз, Анасыз үй - панасыз» тақырыбында аталар мен әжелер мектебінің қатысуымен іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара барысында Бата беру, Қазақтың ырым-тиымдары, Етті дұрыс тарту, Жеті атасын білу - тектіліктің белгісі сияқты тақырыптар қозғалып, ата-аналар мен мұғалімдер өз ойларын ортаға салды.
6-шы аймақта «Conversation» - 1-4 сынып пән мұғалімдері мен сынып жетекшілерінің ата-аналармен кездесуі өтті.