2023 жылдың 22 қарашасында Астана қаласындағы No72 мектеп-лицейінде 8 сынып оқушыларымен «Құтқарушы – ерекше мамандық!» атты қызықты да тағылымды іс-шара өтті! Бұл шараға Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері шақырылды. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің бастығы м.а. Мырзабаев Алтай Сапарбайұлы, сонымен қатар Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бас маманы Қайырбеков Нұрсұлтан Арманұлы, Төтенше жағдайлар орталығының жедел медициналық көмек көрсету бөлімінің фельдшері, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Апаттар медицинасының маманы Маусымбеков Ерқанат Ерланұлы балалармен лекция және практикалық жұмыс өткізді.
Іс-шараның мақсаты:
1) оқушыларды болашақ мамандық таңдауға бағыттау, 2) интеллектуалдық қабілеттерін дамыту, басқа адамдарға көмектесуге ұмтылу, салауатты өмір салтын қалыптастыру; 3) өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, Отанға, өз халқына деген сүйіспеншілік сезімін ояту. Өз саласының мамандары төтенше жағдайда өзін қалай ұстау керектігін, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетуді айтып, көрсетті. Мағыналы презентацияларда өмірден алынған мысалдар келтірілді, тақырып бойынша бейнематериалдар да іріктеліп, оқушыларға қызықты әрі ғибратты сабақ болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкерлері практикалық кеңестер берді, ал балалар үшін ең қызықтысы және пайдалысы муляжда жаттығу болды, онда жігіттер әртүрлі төтенше жағдайларда зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетуге тырысты. Кездесу қызықты, тағылымды болды, ең бастысы, Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлері берген ақпараттың барлығы оқушыларға пайдалы болды.